Құрылтай депутаттары Атырау облысында орналасқан «Karabatan Utility Solutions» ЖШС (KUS) өндірістік алаңына барып, бу-газ турбиналы электр станциясының (БГТЭС) жұмысымен танысты.

Электр станциясы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы (АЭА «ҰИМХТ») кәсіпорындарды электр энергиясымен қамтамасыз етеді. БГТЭС-тің белгіленген электр қуаты 310 МВт құрайды. Негізгі жабдықтардың құрамына төрт газтурбиналық қондырғы және екі бу турбогенераторы кіреді.

Энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту АЭА аумағында, оның ішінде «Samruk-Kazyna Ondeu» АҚ компаниялар тобының жаңа өндірістерін іске қосумен байланысты. БГТЭС-тің екінші кезегінің жобасы әрқайсысының белгіленген қуаты 165 МВт болатын екі энергоблок салуды көздейді.

Екінші кезекті пайдалануға беру 2030 жылғы сәуір айына жоспарланған. Жобаны іске асыру электр станциясының жалпы белгіленген қуатын 310 МВт-тан 640 МВт-қа дейін арттыруға және мұнай-газ химиясы кешенін кеңейту үшін қажетті энергетикалық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.