2026 жылғы 13 тамызда Серіктестік Басқармасының төрағасы Р.А. Нукежановтың басшылығымен өндірістік блок аумағында мамандандырылған қызметтердің ықтимал авариялық және штаттан тыс жағдайлар туындаған кездегі жедел әрекет ету дайындығын бағалау мақсатында оқу-жаттығу өткізілді.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – төтенше жағдайлар мен мамандандырылған қызметтердің бірлескен іс-қимылдарының үйлесімділігін, жедел әрекет ету деңгейін, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыруды, сондай-ақ персоналдың шынайы жағдайға барынша жақын ортада әрекет етуге дайындығын тексеру.

Оқу-жаттығу барысында екі сценарий бойынша іс-қимылдар пысықталды. Бірінші сценарий бойынша су дайындау учаскесіндегі құдықтан шартты түрде зардап шеккен адамды құтқару операциясы жүргізілді. Екінші сценарийде газтурбиналық станциядағы генераторда туындаған шартты өртті оқшаулау бойынша жұмыстар атқарылды.

Жаттығу барысында мамандар жедел әрекет етуге, қызметтер арасында тиімді өзара іс-қимыл орнатуға және төтенше әрі авариялық жағдайлар кезінде белгіленген іс-қимыл алгоритмдеріне сәйкес міндеттерді орындауға дайын екендерін көрсетті.

Оқиға орындарына авариялық-құтқару қызметі, өрт сөндіру бөлімшесі және жедел медициналық жәрдем бригадасы жетті. Төтенше жағдайлар қызметтерінің мамандары аумақты қоршау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шартты түрде зардап шеккен адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсыру, жұмыскерлерді эвакуациялау, сондай-ақ шартты өртті оқшаулау бойынша іс-қимылдарды пысықтады.

Оқу-жаттығу штаттық режимде өтті, зардап шеккендер болған жоқ. Іс-шара персонал мен мамандандырылған қызметтердің дайындығын бағалауға, авариялық жағдайларға ден қою алгоритмдерінің тиімділігін тексеруге және бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік берді.

Қызметкерлердің қауіпсіздігі, өмірі мен денсаулығын сақтау – Серіктестіктің басты басымдықтарының бірі. Шынайы жағдайларға барынша жақындатылған жағдайда іс-қимылдарды тұрақты түрде практикалық тұрғыда пысықтау өндірістік және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттырудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.